Жаңалықтар
Алматыда Орталық Азиядағы микрокаржыландырудың болашағы талқыланды
2026 ж. 21 қыркүйекNuretdin Gökgül

Орталық Азиядағы микроқаржы форумы Алматыда 500 қатысушыны біріктірді
Алматы, 21 қыркүйек 2026 жыл. Алматыдағы The Ritz-Carlton Almaty қонақүйінде Орталық Азиядағы микроқаржы нарығының болашағына арналған Central Asian Microfinance Forum 2026 форумы өтті.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдерден 500 қатысушы жиналды. Іс-шараны Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығы және Орталық Азия елдерінің микроқаржы ұйымдары қауымдастықтарының Үйлестіру кеңесі ұйымдастырды.
Форум барысында микроқаржы нарығын реттеудегі өзгерістер, жауапты кредиттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, цифрландыру және жасанды интеллект, қаржыландырудың жаңа көздері, кибералаяқтық пен заңсыз кредиттеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлік пен технологиялық бизнесті қаржыландыруға және микроқаржы ұйымдарына арналған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылды.
Форумның басты қорытындыларының бірі — Орталық Азия елдерінің микроқаржы ұйымдары қауымдастықтарының Алматы декларациясын қабылдауы болды.
Құжат тұрақты, ашық және жауапты микроқаржы нарығын дамытуға ортақ ұстанымды бекітіп, жауапты кредиттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, қаржылық қызметтерді жауапты цифрлық трансформациялау және өңірлік ынтымақтастық сияқты негізгі бағыттарды айқындады.
Форум аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның микроқаржы ұйымдарын марапаттау рәсімі өтті. 16 ұйым корпоративтік басқаруды дамыту, кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ клиенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы нәтижелері үшін марапатқа ие болды.
Сонымен қатар әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру, дауларды сотқа дейін реттеу және қаржылық, цифрлық әрі тұтынушылық сауаттылықты дамыту бағыттарында бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.









