
АЛМАТЫ — Алматының Бостандық ауданында қалалық ортаны абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бостандық ауданының әкімі Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен жаңа жобалар туралы ақпарат берді.
Азамат Қалдыбековтің айтуынша, «Игілік Бостандық» жобасы аясында жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам 26 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде олардың 11-і толық аяқталды. Аяқталған жобалардың жалпы құны 792,3 миллион теңгені құрайды. Жобалардың басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып, бұл жұмыстарға жергілікті бюджет қаражаты жұмсалмаған.
Ауданда аяқталған жұмыстардың қатарында Әл-Фараби даңғылы бойындағы 5 жаяу жүргіншілер көпірін жаңарту және жарықтандыру, Абай даңғылы бойына 5 мың түп бұта отырғызу және 2 мың шаршы метр аумаққа көгал төсеу бар. Сонымен қатар «Шапағат» әлеуметтік қолдау орталығының алдында аумағы 450 шаршы метр болатын инклюзивті ойын алаңы ашылды.
Бостандық ауданында жаңа жобалардың құрылысы да жалғасуда. Серкебаев даңғылында субұрқағы бар «Shuaq» аллеясы, ал Назарбаев даңғылы бойында аумағы 1,5 гектар болатын жаңа сквер салынуда. Сонымен бірге ауданның әртүрлі бөліктерінде жаңа саябақтар, серуендеу және демалыс орындарын құру жұмыстары жүргізілуде.
Азамат Қалдыбековтің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты — ауданның әртүрлі бөліктерінде қауіпсіз, жасыл, қолжетімді әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру.









